Ұлттық құрама жеңілсе де, жеңсе де ойынын жібермейтін жанкүйерлердің қатарындамын деп толыққанды айта аламын. Алайда кешегі ойынды мемлекеттік арналардың ешқайсысы таратпайтын болғандықтан, сол баяғы Жақсылық екеуміз «Арзан» жақты бетке алдық. «Арзанның» қасындағы  үйлердің бірінде Жәкеңнің ағасы қоныс тепкен. Басты мақсатымыз – матчты көрсететін сол үйдегі көк жәшіктен «Спорт кз1» -дің алдын тосу. Сонша жерден арып-ашып барғанымызда ойыншылар үмітімізді ақтамады, шыны керек. Ұлттық құрамадағы тұңғыш ойынына шыққан Логиновский, алғашқы минуттарда әжептәуір қалтырап-дірілдеп зәремізді қашырған. Ақыры, Белгиялық сойқандар дегеніне жетіп тынды. Аяғында добы жоқ ойыншыны, шалып құлатқан Карповичтей футболшыны бірінші рет көруім. Құрама сапында есімдері алғаш аталып тұрған – Кургулин мен Тәжімбетовтердің де аяғына доп тиген-тимегенін дөп басып айту қиындау. Бельгиялық шабуылшы Азарды жиберіп қоя бергеніміз қандай қателік болды,ә? Айып алаңында төрт қорғаушы, плюс қақпашы – бесеулеп жүріп бір Азарға ие бола алмадық. Ойынның соңына таман, қобалжығанымыз сонша, біздің ойыншылар қай қақпаға доп бағыттау керегінде ұмытып қалса керек, Евстигнеев автоголдың авторы атанды. Ойынға тыңнан қосылған Остапенко, қарсыластың айып алаңына барып «құлап бермегенде» есеп айырмасын да қысқарта алмаушы едік. Негізі, Логиновскиді кінәләуға келмейтін сияқты. Обалына не керек, қаншама соққының жолына бөгет болды. Шабуылшыдан бастап,10 футболшы қорғаныста жатқанда қақпамызды ашып бердік төрт мәрте. Тек, айтарымыз Беранектің жастарға жасаған «сынағы» өте сәтсіз аяқталды. Енді Австриямен болатын ойында, қорғаныста қобалжымай, шабуылда шашау шығармай ойнауға тиіспіз. Болмаса, жанкүйер қауым кеше қоймайтын шығар.Десе де, біз өз құрамамызды сүйе білу керекпіз. Үмітсіз шайтан ғана. Аа, айтпақшы таңертең Жақсылық ашулы. «Қанша жерден, екі автобус ауыстырып мініп келгенімізде, көрейін дегенім осы нәтиже ме еді…» деп.