Қожа

Қожа

Жұртқа ақыл айтып, кеңінен толғанып, пәлсапа соғатын ойым

болған  емес ед, о баста. Факультетте Мұрат ағай, таңдау пәнінен бүгінгі бала образына қатысты шығарма жазуға тапсырма берген соң, сүйкелегем бірдеңе. Өзімнің жеке блогымның бар екені есіме түсіп кетіп, жариялағанды жөн көрдім :).

Кинодағы келеңсіз эпизодтың алдын жауып қаламын деп, кішкентай жиенімнен кәдімгідей ұрыс естігенім бар. Қай фильм екені есімде жоқ, шетелдің бір шедеврінде қыз бен жігіт енді сүйіскелі тұрғанда, бір затымды алмақшы болып теледидардың алдына барып қалсам керек. «Ееей, былай тұршы-ей» деп ашуланған 5 жасар қарындасым, одан өзге де небір ескертулерді қарша боратып тастады. Біздің кезімізде сериалдың сағатын тосып, махаббатқа толы мелодрамалар қарамақ түгілі, май жағылған нанымызды ұстап, бір шыбықтан Байшұбар жасап, лағып жүретініміз рас ед.  

Кішкентай ғалым

Кішкентай ғалым

Қазіргі балалалар мүлде басқаша. «Қожаның» хикаясынан гөрі, «Человек Паук» пен «Гари Поттер» ағайдың дүниелерімен тыныстағанды ұнатад. Олардың алдында «Аватарды» көрмедім десең, «Абай жолын» оқымадым деп, бетіңнің ұшы қызарғанмен бірдей екені де рас. Түсіру сапасы мен түпкі идеясы жайлы сөз қозғамағанның өзінде, «Кунг фу панда» мен «Тачкиді» тамсанып көретін бүгінгі балғындар, «Алты жасар Алпамыс» пен «Қарлығаштың құйрығы неге айырға» пысқырып та қарамайды. Ұялы телефонында «Қоңыр» тобының «Алтын бесігі» жүрсе, «мамбет» деп мазақ қылатындардың да басым бөлігі, осы 15-16 жасқа дейінгілерден. Бүгінгінің «Қожаларын» «Музарт» пен Мейрамбектен гөрі, Питбулдың репертуары көбірек қызықтырады. Әрине, өзге жұрттың тілін түсініп, әнін ұғынған да дұрыс шығар. Әйткенмен, ол қадамға, алдымен өз ұлтыңның мәдениетінен аттап бару – бүгін, ертең емес болашақ үшін қауіптірек құбылыс. Майқанованың шәкіртінің адалдығын, аңғалдығын бүгінгі балалардың бойынан таппаймыз деп кесіп-пішіп айту, Қазақстанда мұнай жоқ деп айту секілді қып-қызыл өтірік болар еді. Сол мұнайды, өзге елдердің жусатып-өргізіп, арнасын өздеріне аударып жатқаны секілді, жас балғындардың санасын да шет елдер, өз ыңғайына қарай бейімдеп жатқандай көрінеді маған. Мәрт пен Пелиннің, Мелих пен Дениздің махаббат хикаяларын жатқа соғатын періштелеріміз үшін, дәл қазір Төлеген мен Жібектің ертегісі қызық болмай тұр. Бұл айтқандарды қазіргі балаларды түгел қаралау деп түсінбеген де жөн. Қоғамдағы қалыптасып келе жатқан болмыс осындай. Бетховен сияқты 5 жасында музыка жазып, жұртты аузына қаратқандар да жоқ емес дейді білетіндер. Біздің ауылдағы 5 оқитын Бәскеннің агенттің құлағында ойнайтыны да қазір қызық болмай қалған. Өсе келе, көріп,біліп, түйсініп жатқандармен қатар көріп,біліп туып сүйсінтіп жатқандар да бар екен арамызда. Таланты тас жарса жас ақын Жамбылдай болып алсын. 10 жасында Астанада кеш өткізіп, Құл-Мұхаммед келіп қолынан алып, Жолдасбеков концертін жүргізіп, Оңғарсынова «әлем әдебиетіндегі құбылыс» деп бағалап, Президенттің өзі басынан сипап, робот сыйлап, оны Жамбыл «неге кітап сыйламады» деп жақтырмағаны – бүгінгі бала образының қаншалықты күрделеніп жатқанынан хабар берсе керек.  Жамбыл сияқтының ауылда талайы болған. Сондай балдардың біразы қазір – Астанада калкуляторға шұқшиятын мамандықты игеріп жатыр. Біреудің сыртынан мынандай деп, анықтама беру – қиынға айналған заманда, Жамбыл секілді бундеркиндтер туралы да дәл қазір тіс жару – қиындау. Жамбыл Жамбылдай ақын болып, сол атағы сенің тақияңа тар кеп жатса көрерміз. Францияға барған бір ағамыз, «осы кіп-кішкентай болып алып, француздың балалары, қалай французша сайрайды-ей» ( тырнақшаның ішіндегі сөз – бір журналистің қорынан алған) деп таңғалған көрінеді ертеректе. Біздің басымызға да соған ұқсас жәй келіп тұр қазір. Ауылда «менің атым-Қожа» мен осы тектес фильмдерді көріп, Соқпақбаевтың кітабын сүйіп оқитын өз басым, қалаға келгенде, «кіп-кішкентай қазақтың балалары, қалай орысша сайрайды-ей» деп таңғалғанымда өтірік емес. Қожаның дәуірі мен біздің заманды шектен тыс салыстыру да, қазіргі балғындарды батысшыл қылып көрсетіп жіберуі мүмкін. Интернет пен электронды технологиялардың дамыған заманында өмір сүріп жатқан бала,рас қандай болуы керек? Балаңыздың есек-арба итеріп жүргенінен гөрі, машинасының есігін пултьпен ашып-жауып тұрғанын сіз де көргіңіз келед. Батысшыл деп кінәласаңыз – әлгі интернет пен өзге де техникалардың тілі, қазақ емес, солтүстіктегі көршіміздің тілінде сайрап тұр. Демек, бұл жерде басты рөлге – бала емес, ата-ана шығады деген сөз. Әке-шешесі қалай үйретіп, қайда жөн сілтесе – бала да сонда жүретіні ақиқат. Алайда небір зұлматтан аман қалған қазақтан, кешегі Абай мен Мұхтардың жолын қуатын, қазақтың дәстүрін сақтайтын білекті ұл, қылықты қыз тумайды деу де күпірлік.