Өткееенде, қай күні екені нақты есімде жоқ…1 жарым…ай-дай бұрын-ау, еліміздегі барша блогтар жабылып қалған болатын. Шабытымыз енді-енді күшіне мініп, әр жазылған пікірге балаша мәз болып, өзімізше титың-титың етіп бірдеңелер шатпақтаудың қыр-сырын түсініп келе жатыр едік, шорт етіп «алтын көпіріміз» үзілді де кетті. Бірқатар «жолаушылар» «шолп-шолп» етіп «суға» секіріп, жан-жағына, жоғарыға ұзааақ қарап, есін жинап, ойын білдірудің басқа жолдарын іздей бастады. Кейбіреулері «Өрдпреске» параллель тұрған, «Казжур» атты көпірдің жалына жармасып, әуелі салбырап,артынша оның да мінезін игеріп, тіпті біразы жусатып-өргізуге көшті. Базаар жоқ, «Wordpres-тің» «Kazjur-ға» ауысқаны болмаса, баяғы сол блог. Дегенмен, блогтар алғаш жабылып қалған уақытта, блогшылардың біраз уақыт абдырап қалғаны рас. Айтайын дегенім, кейін «WordPress» қайтадан ашылғаннан кейін де блог беттерінен мен белсенді қимыл байқай алмай жүрмін. Әрине, бірді-екілі жазбаларды көзім шалады. Әйткенмен, баяғы күйі жоқ секілді. Шынымды айтайын, менің де блог бетінде шимайлауға зауқым осы күндері соншалықты, бұрынғы қарқын секілді соғып жүрген жоқ. Мүмкін,уақытша кезең шығар… Өзім қатарлы, жас блогшы қыз-жігіттермен де сөйлессем, осы пікірді айтад. Не болса да, ғаламторда біз үшін рухани бір кризис болып тұрған сияқты. Бұл пайымым үшін,ешкім жағамнан алып, сөзің қате деп жала жаба қоймас. Жеке пікірім болғандықтан, осылайша жариялауды жөн көрдім.