Кеше біздің факультеттің, Алла қаласа 7-8 жылдан кейін барша қазақ танитын, елдің ақыны – Жақсылық Қазымұраттың алғашқы жыр жинағы жарық көрді. Бұл жалғыз Жәкең үшін емес, барлығымыз үшін де нағыз қуаныш болды. Біраздан бері, “баспаға кетті, әне шығады, міне шығады” деп бірдеңелерді бықсытып жүретін:) Жәкеңнің, таза,шынайы поэзиясы,яғни,осы кезге дейінгі дүниеге келген туындылары бір кітапқа сұранып жүрген. Міне, соның сәті түсіп, кеше Жақсылық, өмірдің, шығармашылық жолдағы бір белесін бағындырғандай болды. Кітаптың аты – “Қарала сырмақ”. Көршінің қызына ғашық болып, ақыры махаббаты жауапсыз аяқталатын сюжет арқау болған бұл өлеңі бәрімізді күлдіріп ғана қоймай, әрі ойландырған да.  Белгілі ақын, ҚазҰу-дың журналистика факультетінің оқытушысы Мұрат Шаймаран алғысөз жазып, Жазушылар Одағындағы ықыласы кең, абыройы асқақ ағалары арқасынан қағып, жас ақынды демеп отырған жайы бар.

Солдан оңға қарай,екінші отырған - Жақсылық:)

Солдан оңға қарай,екінші отырған - Жақсылық:)

Ол ағалардың ықыласына, Жақсылықтың таланты сай келіп, қазақ поэзиясының қатары тағы бір талантпен толықты деп айтуға негіз бар енді. Қай өлеңін де осал деп айта алмаймын. Дегенмен, өзіміздің арамызда “хит” боп кеткен, мына бір өлеңін ұсынғым кеп отыр. Өткенде, “Студенттік Таразыда” айтушы еді ғой, “Қытай мен Қарағынды” атты өлеңім бар” деп. Сол сөзіне арқау болған өлең бұл:)

 

Естімей ешкім ақынның абаданды үнін,

Қарақшы тірлік жанымның тонаған жырын

Жалын кеудеме су тамыз қанатыңменен

Қарлығаш қызы қайдасың Қарағандының.

 

Ақыннан ару, тәтті жыр, күтпесін неге,

Алматыны әсте киелі, құтты есім деме

“Шайтан шаһардың”, қарғам-ау,құны жетпейді,

Өзіңе жазған жырымның нүктесіне де.

 

Ұлытау қызы жаның – жаз,көзің – құба таң,

Жырлап берейін мендегі төзімді ұнаса ән.

Безбүйрек қала жаныңа қаяу қалдырса

Лағыл жыр оқып, түндерде өзім жұбатам.

 

Дуала ойға болса да, қала іші қарық

Ақын құрбың ем мінезі өр,жаны шың анық.

Алматы түні жыр жазам өзіңе арнап,

Құлан шабыттың қаламнан шаңы шұбалып.

 

Шырқалып өзге көшеде, сарайда басқа ән,

Тұрмайды,енді қалада арайлап аспан.

Сағынсаң, құрбым барып кел Ұлытауыңа

Ештеңеге де қайрылып қарайламастан.

 

Сағынышымды күлкіңмен толқыт, қарағым,

Құр аңсап қайтем таңдарын қортық қаланың.

Тұлпарға мініп, мен дағы сен кеткен түні,

Жоңғардың тылсым жонына жортып барамын.

 

Дейді Жақсылық ақын. Егер, бұл өлең сіздің көңіліңізден шықса, 8008 нөміріне өз дауысыңызды жіберіңіз немесе 8 702 946 33 66 нөміріне 500 бірлік лақтырыңыз, мен жартысын беремін Жақсылыққа . . . деееесең иә:)

Көрдіңіз бе, өлеңнің құдіреті қандай екенін? Ұлытаудың Қарағанды жақта екенін білетін шығарсыз. Бірақ, Жақсылықтың рұқсатынсыз, бұл өлеңнің тарихын айта алмаймын енді:) Жақсылықтың өлең өлкесіндегі қадамына сәттілік тілеймін! Ел танитын, дүйім жұртты екі ауыз сөзімен елең еткізіп, даулы мәселенің түйінін бір шумақ өлеңмен тарқататын, адуынды ақын болсын деген де тілегім бар. Сәттілік бауырым!