Басты кейіпкерлері өзіміздің 2-ші, (енді бір емтиханнан кейін 3-ші) курстың жігіттері мен қыздары болып табылатын «Студенттік Таразының» теленұсқасын жасасақ деген жоспарымыз бар болатын. Бұл жазбаны әуелі, қолмен жазып, достарыма оқып беріп жүретінмін, одан ептеп блог ашып, ғаламторға жарияладым. Содан өзіміздің идеяшыл жігіттермен ойласа отырып, теленұсқасын дайындауды ойластырып жүр едік. Әрине, ол үшін де сапалырақ техника, «сәулесі әдемі» свет, сәл де болса актерлық шеберлік қажет ғой. Болмаса, терлеп-тепшіп жасаған дүниеңе, ешкім қызықпай қалса ( және, күлмей қалса) еңбегіңнің еш кеткені. Қағаздағы дүние оқыған адамға қызық болуы мүмкін, ал оны әрі қарай жандандырып алып кету, рольді алып шығушыларға байланысты. Әрі қатып қалған қағаз нұсқасынан бөлек эпизодтардың қосылуы, видеодүниенің әдемілігін арттыра түсер деген ой да болды. Сонымен, өзі де, сөзі де салмақты Дастан деген жігіттің тікелей қолдауымен:) алдыңғы күні түсірілімді бастағанбыз. Біресе Жақсылық, біресе мен кешігіп жүріп, артынып-тартынып ҚазҰу-дың телестудиясына жеттік-ау түстен кейінгі 4-тердің шамасында. Барсақ, камералар орнатылып, жарық қойылып, студия жасалып қойған екен. Содан, әйтеуір бірнеше дубль жасамасақ та, екі-үш рет қайталау нәтижесінде студияның да түсірілімі де жарты сағатта аяқталды. Ортаға қонақпен бірге ән шырқайтын, қазақ эстрадасының жұлдыздарының бірі шақырылды. Келесі күні, арасында кететін сюжеттерге кірістік. Руслан Есмағамбетов деген «Stars» жігіттің идеясымен Жақсылық ойнайтын шағын ролик түсірдік. Қандай ролик екенін әзірге, құпия сақтай тұрайын:)Бұл негізі о бастағы нұсқасында жоқ эпизодтар. Қызық болғанда, Асқарбек қасына 4-5 қызды жинап алып, махаббат туралы стендап оқып тұрғанда камерамыздың қуаты өшті де қалды. Оған қарайтын Асекең жоқ: қыздардың біреуін құшақтап, біреуіне мөлдіреп қарап, мәтінін оқееееп тұр:) Әйтеуір, жабылып жүріп әзер тоқтаттық. Содан соң, түсіру тобы жатақхананы бетке алдық. 303 бөлмеге барып, сырт киімімізді шешіп, енді камераны зарядтауға кірісіп жатсақ, жалғайтын шнуры камера нүктесіне сәйкес келмейді. Әрі, бері аударамыз әлгі камераны. Тырс етіп, «үндемейді» жарықтық. Жақсылық, Дастан, мен, Үмбетәлі бәріміз көріп шықтық жапа тармағай. Қырсық деген осы. Ақыры, Дастан екеуміз корпусқа барып, шнурын алып, қайта келсек Үмбетәлі жұмыстарымен тайып тұрыпты:) Қалған-құтқанымыз жатақхана ішінде бір сағаттай сьемка жасадық. Небір, қызық кадрлер түсірілді. Актерлық шеберліктеріне өз басым ризамын. Алла каласа алдағы апта көлемінде «Студенттік Таразымыз» дайын боп қалар деген үмітіміз бар. Жариялар алдында сіздерден сүйінші сұраймыз:) Күтіңіздер!