Розатайдың блогына кірсем, былтыр Рауан екеуінің «Жігіттер» тобының мүшесі Бағланды қалай алдағанын жазған екен. Бұл приколға біз, сол оқиға болған күннің ертеңіне-ақ қыран-топан болып күліп алғанбыз:) Әлгі жазбаны оқып отырып, өзімнің алданғаным есіме түсіп кетті. «Таразыға» ең алғашқы сюжетімді дайындап жатқан кезім. Тақырып – жас спортшылар туралы болатын. Содан, тумысынан спортқа бейім, кіп-кішкентай болса да, жүлде алып жүрген «жүгірмектерді» түсіруге кірісіп-ақ кеттім. Естулеріңіз бар шығар, ауыр атлетші қыз Жазира Жаппарқұлованың телефон номерін алып, сұхбатқа келісуге бекіндім. Өзі – 1993 жылдың тумасы, бар болғаны 17 жаста деп естігенмін. Гудок барып тұр, бір кезде барып, тұтқаны көтерді де, ар жағынан «Алло» деп гүр ете қалған дауыс естілді. Құрсын-ау, бір нәзік дауыс келіп, құлағыма қона ма деп тұрғанда, мынау төбемнен жай түсіргендей болмаса да, біртүрлі әсер етті:) Енді, ағасы немесе бапкері алып тұрған болар деп ойладым да «Саламатсыз ба, бұл кім ағасысыз ба,Жазираны шақырып жібересіз бе?» дедім саспастан. «Жооқ, бұл мен Жазира,айта беріңіз» деп қояды. Ой, сол кезде бір ұялып кеттім де, енді бет-моншағың үзіліп тұра берсең, «бірлігіңнің» быт-шыты шығады,содан жеңісімен құттықтап, сұхбатқа келістім. Тимирязева көшесінің бойында орналасқан, спорт мектебіндегі жаттығу залына барып,Жазирадан сұхбат алып келдім. Бірақ, басшылары, спорт залға кіріп, түсірілім,стендап жасауға рұқсат бермеді. Ол үшін тікелей, ауыр атлетика федерациясының басшысы Қайрат Тұрлыхановтың шешімі қажет екен. Содан, қалай хат жазу керек екенін, жұмыстағы тісқаққандардан сұрап алып, бастықтың атына жолдап жібердім.Дегенмен, шешілмей тұрған осы мәселе бар, басқа да сұхбаттарды ойлап, (әрі алғашқы сюжет болғасын)әбден басым қатып,уайымға беріліп телефонның жанында отырғанмын. Бір кезде әлгі жарықтық безілдей жөнелді. Селкос көтердім: «Алло!»

«Саламатсыздар ма, Абай Аймағамбетовты бола ма?» деген жуан дауыс естілді. «Саламатсыз ба,иә бұл мен» деп елең ете қалдым. «Бұл Қайрат ағаң ғой Астанадан». Білдей бір федерацияның басшысының өзі хабарласқанына қуанып-ақ кеттім:  «Ааа, аға қалайсыз, сізден сол сұхбат алсам ба деп едім, бірақ Астанаға кетіп қалған екенсіз…» дедім, эстафетаны басшының өзіне лақтырып. «Иә, кеше Алматыда болғанмын, бүгін сол бір жұмыстармен кетіп қалдым» деді Қайрат аға. «Енді қашан келесіз Алматыға?» дедім анықтап алайын деп. «Сен қашан кел десең де ұшып бара саламын» деп қояд ағамыз:) Мынау,рахат ғой деп ішімнен бір күліп алып,әңгімені жалғадым: «Аға,сосын спорт мектебінің ішінде түсірілім жасасақ деп едім» дедім екінші бұйымтайымды бастап.  «Иә,иә әрине, қалағандарыңша түсіріп алыңдар, мен қазір Алматыға телефон шаламын» деді Тұрлыханов. «Сосын,анау Жазира деген қыздан сұхбат ала алдың ба» деді ағамыз. «Иә,аға одан кеше алдым, жақсы болды» деймін мен. «Қалай екен, қарым-қатынастарың қалай енді» дейді бір кезде. «Енді қарым-қатынас болғанда…сол журналистік тұрғыдан ғой» деп ыршып түстім:). «Аа, дұрыс екен, былай жақсы қыз» дейді Қайрат ағамыз одан сайын. «Аха, таланты бар екен, жас болып олимпиаданы жеңіп алған» деп әңгімені бұрғыштаймын келіп:) «Иә, таланты бар, бірақ если что басы бос, жігіті жоқ,былай нетіп аралассаң» дееееп соғып тұр, бастық ағамыз. «Жоқ, аға Құдай сақтасын» дей бердім де , түйсігім бірдеңеден сезіктеніп, іле-шала ішім қылп ете қалды да, аса жоғары жылдамдықпен артыма жалт қарасам, бағанадан бері мені терлетіп, Қайрат ағамыз болып, кабинеттегі екінші телефонмен Мәулен (Мәулен Алғазы) сөйлесіп отыр екен. Қазақша қалай деуші ед, асыра сілтеп «ойбай шок болдым» деп жатады ғой, сондай болдым:) «Мәәәә,Мәке, сен ба» деп, тұтқа сылқ етіп, Құдай білед орнына өзі барған шығар:) Бағанадан бері, іштерін күлкі қысып «буынып-түйіліп» отырғандар, ішек-сілелері қата рахаттанып күлді дейсің. «Иә, таланты бар, бірақ если что басы бос, жігіті жоқ,былай нетіп аралассаң» дегеннен кейін, өзімді де күлкі қысып, ары қарай сөйлей алмай қалдым» дейді Мәулен артынан. Осылайша, бір мәрте плотно «қақпанға» түскенім бар:) Кейінірек, бұл тәжірибені блогымда аты қайта-қайта шығып жүрген, Жақсылыққа қолданып, өмірімізді Мәкең екеуміз біраз ұзартқанымыз бар. Оны келесі жазбамда айтармын.