Атының кім екенін айтпай-ақ қояйын, бүгін бір дос баламның басына сағыз жабысып қалыпты. Оны мен байқамағанда сонысымен көшеге шығып жүре беретін түрі бар екен. “Өзім сағыз шайнамағанмын” деп ақталады әлгі досым, “ендеше сайтан жабыстырып кеткен бе басыңа” деп, сағызды алу үшін үлкен іске кірісіп кетті.Бұл шаруа екеуміздің қолымыздан келе қоймады. Содан, “Алматықұрылыстың” арнайы “экскаваторын” шақырып, досымның басын тырналауға кірістік. Сүліктей болып жабысып қалған, сағыздың әзір ажырайтын түрі көрінбейді. Мен бер жағынан әрі-бері шапқылап, қала берді “экскаваторда” жұмысын қарқындатып, шаш-машқа қарамай жұлуға көштік. Айқайлап,жаны мұрнының ұшына келіп досым тұр. Ақыры іс өнбеді. Өнбегені құрысын, алыстан ат арылтып әкелген “экскаваторымыздың” тістері сынып, керегі де шамалы болып қалды. Содан не керек, сағызды жылы орнынан жұлып алу үшін, Алматы қалалық төтенше жағдайлар бөліміне хабарластық. Онсыз да мұрындарынан шаншылып жүретін, әлгі департамент 5 минуттан соң күш-көлік жіберетіндерін мәлімдеді. Арада 6 минут өткенде, терлеп-тепшіп, пожарный келіп тұр. “Құдай-ау өрт шығып жатқан ештеңесі жоқ, неменеге сендерді жіберген” дейміз екеуміз күйіп-пісіп. Сонда да “түбі керек тастың ауырлығы жоқ” деп пожарныйдың суымен досымның басын жуып, “қатайып” тұрған сағызды ерітуді бастап кеттік. Қалған-құтқан құралдарымызбен суды ағызып тұрып, тырмалап, болмағасын бытыыыр-бытыр еткізіп,шаш пен сағызды қосып, жұла бастадық. Арада 1-2 сағат өткенде сағыздың 70-80 пайызы алынған сияқты болды. Қалғанын тарап-тарап, сырттан келген “көмектерді” елдеріне қайтарып, екеуміз іс бітіргендей екі жерге отыра кеттік. Құрсын, әркімнің аузында жүретін, құны 5-ақ тиын сағызың осындай жабысқақ болатынын бұрын-соңды елестетіп көрмеппін. “Сағыздың соры мұндай болатынын, “басыңа түскенде” білесің” деп қойды досым, бір нүктеге, қадалып отырып. Әйтеуір, сағаттап жүріп, сағыздың шаруасын бітіріп, екеуміз екі жерге кеттік. Ол кісі өте танымал публицист-әнші,қазақ күй өнерінің атасы . . . Құрманғазыны ерекше сыйлайтын болғандықтан, есімін құпия түрде қалдыруды жөн санап отырмын. Айтпақшы, келесі жазбамда “Маленький Майкл Джексон” деген тақырыпта, Жақсылық туралы досымды жазбақпын. Кеш қалмаңыз:)