Ассалаумағалейкум! Осыдан 5-6 ай бұрын, Асхат Еркімбай блог ашуды, оны қалай игеру керектігі жөнінде әліппесінен бастап үйреткен. Дәл сол кезде ашуын ашқанымызбен, алғашында немқұрайлы қарадық па, әлде уақыт тығыздығы әсер етті ме әйтеуір ары қарай өз басым жалғастырмадым. Содан бері біраз ойларым әрі жазбаларым әуелі табиғи сосын электронды флешкамда жүріп қалғаннан кейін, аз да болса өзгелер оқып,бағасын бере берсін деген ниетпен ашып отырмын. «Ашып отырмын» деген жәй сөз ғой, блогшы Мейіржанға аштырдым. Бірде менің, бірде оның қолы тимей ашам дегеніме де бірааааз болған. Содан бір сәті түсіп барғанымда Мекең «блогыңның аты не» деп тоқ еткізгенде «оны әлі ойланбаппын» деп бұрылып жүре бергенмін. Сөйтіп, ойлана келе блогтың атын «Абай 4» деп қоюға бекідім. «Абайыңды» түсіндік, ал «4»-ің не деп таңғалып отырған боларсыз. Ол былай: мен дүниеге келерден екі жыл бұрын ата-анам Абай деген ауылға көшіп барады. Содан 92-нің 25 майында туған маған Абай деген есімнің қойылуы заңдылық сияқты. Тааак, екі Абай болды го? Келесі – біздің үй орналасқан көше де Абай атында болса, бұған қоса 11 жыл оқыған мектебіме де данышпан Абайдың есімі берілген. Төрт Абайдың түйіскен тұсы осы. Ааа, айтпақшы бір қызық, мен оқыған мектептің нөмірі 90 болса, үйдің нөмірі 90-ның тең жартысы,яғни 45. Ақын Абайдың да 45 қара сөзі бар екені есіңізде бар болар. Осылайша, бар сәйкестікті жиып алеееп, дара тұлғаның есімін арқалап жүрген жайымыз бар. Әрине, мұның бәрі маған үлкен жауапкершілік артатынын түсінемін. «Мен туралы» айдарының қысқаша айтары осы. Ендеше, мүмкіндігіңіз болса, блогымның тұрақты оқырманы болып тұрыңыз.